17-ші ақпан 2026 ж. оқу залында әлемдік классикалық музыканың дамуына орасан зор үлес қосқан асқан шебер скрипкашы, клавесинист, органист, дирижер, Вена классикалық композициялар мектебінің жарқын өкілі Вольфганг Амадей Моцарттың туғанына 270 жыл толуына орай «Классика королі – Моцарт» атты танымдық сағат өткізілді. Студенттерге компзитордың өмірі мен шығармашылығы жайлы слайд көрсетіліп, кітап көрмесінің таныстырылымы өтті. Іс-шара соңында студенттер пікір алмасты.
Вольфганг Амадей Моцарт — австриялық ұлы композитор, классикалық музыка дәуірінің ең көрнекті өкілдерінің бірі. Ол 1756 жылы Зальцбург қаласында дүниеге келген.
Моцарт өте дарынды бала болған: 3 жасынан клавесинде ойнап, 5 жасында алғашқы шығармаларын жазған. Әкесі Леопольд Моцарт оны Еуропа елдеріне гастрольге апарып, оның дарынын әлемге танытты.
Ол симфония, опера, концерт, соната сияқты көптеген жанрда 600-ден астам шығарма жазды. Ең танымал туындыларының қатарында:
- Сиқырлы флейта
- Дон Жуан
- Фигароның үйленуі
Моцарт 1791 жылы 35 жасында Вена қаласында қайтыс болды. Қысқа ғұмырына қарамастан, ол әлемдік музыка өнеріне өлшеусіз үлес қосты.

