Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-де автоматтандырылған өзін-өзі қызмет көрсету кітапханасы ашылды!

Ағымдағы жылдың 24 желтоқсанында Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің базасында еліміздегі жоғары оқу орындары арасында алғаш рет автоматтандырылған өзін-өзі қызмет көрсету кітапханасы ашылды. Бұл жоба университет инфрақұрылымын дамыту мен білімге қолжетімділікті кеңейту жолындағы маңызды қадам болып табылады.

Кітапхананың ашылуы «Қадамдық қолжетімді кітапхана» бағдарламасын іске асыру аясында өтті. Бұған дейін Алматы қаласында 26 автономды өзін-өзі қызмет көрсету кітапхана станциясы орнатылған болатын, ал университет қабырғасында автоматтандырылған кітапхананың іске қосылуы осы бастаманың заңды жалғасына айналды.

Кітапхананың заманауи форматы білім алушылар мен оқытушыларға кітап қорын тегін пайдалануға мүмкіндік береді. Кітапты алу және қайтару үдерісі барынша жеңілдетілген әрі арнайы дағдыларды талап етпейді. Қызметті пайдалану үшін жеке оқырман билетін рәсімдеп, анкета толтыру жеткілікті.

Кітап 14 күнге беріледі, әрі сенсорлық экрандағы «Ұзарту» функциясы арқылы пайдалану мерзімін ұзартуға болады.

Автоматтандырылған өзін-өзі қызмет көрсету кітапханасының қоры тоқсан сайын жаңа басылымдармен толықтырылып отырады. Сонымен қатар, оқырмандар университет кітапханасының абонементі арқылы қажетті әдебиетке өтінім қалдыра алады.

Автоматтандырылған өзін-өзі қызмет көрсету кітапханасы бұл технология, ыңғайлылық және оқуға ашық қолжетімділіктің үйлесімі.

Студенттерді, магистранттарды, докторанттарды және профессор-оқытушылар құрамын жаңа мүмкіндікті пайдалануға шақырамыз!

Қосымша кеңес алу үшін университет кітапханасының қызметкерлеріне жүгінулеріңізге болады.

library.ablaikhan.kz
© Kazakh Ablai Khan University of International Relations and World Languages