Аустрия Республикасының өкілімен кездесу

2026 жылғы 14 мамырда шетел әдебиеттері оқу залында Аустрия Республикасының Еуропалық және халықаралық істер жөніндегі федералдық министрлігінің (Bundesministerium für europäische und internationale Angelegenheiten) V секциясының мәдени арнайы жобалар жөніндегі комиссары Симон Мрацпен кездесу өтті.

Іс-шара барысында студенттерге Аустрия кітапханасының құрылу тарихы, оның Қазақстан мен Аустрия арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы рөлі, сондай-ақ ұйымдастырылып отырған мәдени-ағартушылық іс-шаралардың маңызы туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Сонымен қатар қатысушылар Аустрия кітапханасының ғылыми жетекшісі, профессор Бахыт Жатқанбаевна Шпекбаеваның аталған министрліктің қолдауымен неміс тілінде жарық көрген “Mein Leben als kasachische Frau” атты кітабының мазмұнымен танысты.

Кездесу барысында Симон Мрац Аустрияның халықаралық деңгейдегі оң имиджін қалыптастыруда ұлттық мәдениеттің ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Осыған байланысты ол шетелдегі мәдени саясатты дамыту болашаққа бағытталған маңызды инвестиция екенін жеткізді.

Сонымен қатар, ол Орталық Азияда 1997 жылы алғаш ашылған Аустрия кітапханасының қызметіне жоғары баға беріп, атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірді.

library.ablaikhan.kz
© Kazakh Ablai Khan University of International Relations and World Languages