2026 жылғы 18 қарашада Австриялық кітапханада австриялық балалар әдебиетін насихаттауға арналған әдеби кеш ұйымдастырылды.
Іс-шараға университеттің педагогикалық факультеті мен педагогикалық колледждің 70-тен астам студенті және 3 оқытушы қатысты.
Әдеби кештің басты мақсаты – студенттердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, австриялық балалар әдебиетінің көрнекті шығармаларымен таныстыру, оқырмандардың шығармашылық қабілеттері мен әдеби талғамын дамыту.
Кеш барысында студенттер алдын ала оқып келген шығармалары бойынша мазмұнды презентациялар ұсынып, авторлар мен туындылар туралы өз ой-пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар қатысушылардың оқыған кітаптарын қаншалықты меңгергенін анықтау мақсатында смартфондар арқылы онлайн викторина ұйымдастырылды. Қойылған сұрақтарға дұрыс әрі жылдам жауап берген белсенді оқырман анықталды.
Іс-шараның келесі бөлімінде студенттер оқыған кітаптарының мазмұнын топтарға бөлініп, кейіпкерлердің рөлдерін сомдау арқылы сахналық көрініс түрінде ұсынды. Бұл шығармашылық жұмыс қатысушылардың белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың көркем шығарманы терең түсінуіне және өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.
Әдеби кешке қатысқан университеттің педагогикалық факультетінің және педагогикалық колледж студенттері ерекше белсенділік танытып, өздерінің білімдері мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Іс-шара жоғары қызығушылықпен, көтеріңкі көңіл күйде және мазмұнды пікір алмасу жағдайында өтті.
Кеш соңында Австриялық кітапхананың ғылыми жетекшісі, профессор Б.Ж. Шпикбаева қорытынды сөз сөйлеп, қатысушыларға алғысын білдірді. Ол кітап оқудың тұлғаның рухани дамуы мен білім көкжиегін кеңейтудегі маңыздылығына тоқталып, студенттерді кітаппен достық қарым-қатынасты жалғастыруға шақырды.
Аталған әдеби кеш студенттердің кітап оқуға деген ынтасын арттырып, австриялық балалар әдебиетіне қызығушылығын оятқан тағылымды мәдени-танымдық іс-шара болды.
